ПАЦИЕНТКЕ АРНАЛҒАН ЖАДЫНАМА

Ауруханаға жатқызу және стационарда болу

Ауруханаға қалай жатуға болады

КДО стационарына мемлекеттік тапсырыс бойынша жату үшін тіркелген жеріңіздегі емдеуші дәрігерге жүгініңіз.

Мамандандырылған медициналық көмек (ММК) алу үшін дәрігер пациентті «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркеп, емдеуге жатқызу күні көрсетілген кодты береді.

Жоғары технологиялық медициналық көмекке (ЖТМК) жолдағанда тіркеуді өңірлік комиссия жүргізеді, ол «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы емдеуге жатқызу кодын (квота) береді.

Өзіңізбен бірге қандай құжаттар алу керек

  • жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, төлқұжат немесе туу туралы куәлік);
  • жолдаған медициналық ұйымның бірінші басшысының мөрі мен қолы қойылған емдеуге жатқызуға жолдама;
  • «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының коды бар емдеуге жатқызу талоны;
  • зертханалық және клиникалық зерттеулердің нәтижелерін қоса алғанда, медициналық құжаттардан толық үзінді;
  • ЖТМК алу үшін — жоғары технологиялық медициналық көмек жөніндегі өңірлік комиссия жолдамасының түпнұсқасы және «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының коды.

Анықтама телефондары: +7 (702) 227-85-85, +7 (725) 336-36-14

Пациенттерді сәйкестендіру ережелері

  • Қабылдау бөлімінде тіркеу кезінде медициналық персонал пациенттің қолына сәйкестендіру білезігін тағады, онда тегі, аты, әкесінің аты (толық) және туған күні көрсетіледі.
  • Сәйкестендіру барлық емдеу-диагностикалық рәсімдердің алдында міндетті: тағайындауларды орындау, зерттеуге материал алу, қан мен оның компоненттерін құю, инъекция, пункция, таңу, ота.
  • Рәсім алдында персонал сіздің аты-жөніңізді және туған күніңізді ауызша сұрап, білезікпен және медициналық құжаттармен салыстырғанын қадағалаңыз.
  • Инфузия мен инъекцияға арналған құтылар мен шприцтерде пациенттің аты-жөні (толық), туған күні, дайындалған күні мен уақыты жазылған стикер болуы тиіс.
  • Білезік аллергия тудырса, оны бейджбен ауыстыруды сұраңыз. Білезікті (бейджді) жоғалтпаңыз және әрқашан өзіңізбен бірге ұстаңыз — персонал оның болуын талап етуге міндетті.
  • Білезік жоғалса немесе бүлінсе, бөлімшенің мейірбикесі қабылдау бөлімінен оның телнұсқасына дереу тапсырыс береді; оған дейін аты-жөні мен туған күні ауызша сұралып, медициналық құжаттармен салыстырылады.
  • Шығарылған кезде бөлімшенің мейірбикесі білезікті шешеді.

Стационардағы күн тәртібі

УақытыТәртіп
07:00Ояну
07:05–07:15Дене қызуын өлшеу
07:30–07:45Таңғы гигиена
07:45–08:00Талдау алу
08:00–08:15Емдік рәсімдер
08:15–09:15Таңғы ас
09:15–11:00Дәрігердің аралауы, тексерулер, рәсімдер
11:00–11:30Екінші таңғы ас
11:30–13:00Рәсімдер
13:00–14:00Түскі ас
14:00–16:00Тынығу сағаты
16:00–16:30Бесін ас
17:00–18:00Серуен, келушілерді қабылдау
18:30–19:00Кешкі ас
19:30–22:00Кешкі рәсімдер
23:00Ұйқы

* Күн тәртібі бөлімшенің бейініне қарай өзгеруі мүмкін.